DataLife Engine > --- > 27.07.2010 Мүддеміз ортақ

27.07.2010 Мүддеміз ортақ


27 июля 2010. Разместил: admin
 
       Шілденің 27 күні Талдау және болжау институтында ШҚО Азаматтық қоғам Альянсының ұйымдастыруымен өткен Үкіметтік емес ұйымдарға арналған семинар тренинг өтті.
       Бүгінгі таңда қазіргі қоғам үш негізгі секторға бөлінеді деген түсінік қалыптасқан, бұл үшеуі қосылып, қоғамның ерекшелігі мен кемелдігін, қоғамның бағытталуын қалыптастырады, осы үш сектордың бір-бірімен қарым-қатынасы оның даму дәрежесін анықтайды. Бұл үш сектордың біріншісі – мемлекеттік, екіншісі – жеке (немесе бизнес сектор), үшіншісі – қоғамдық сектор. Алғашқы екеуінің атынан-ақ олардың қызметін анықтауға болады, ал үшінші сектор немен айналысады?
       Алғашқы болып сөз алған «ШҚО Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы О. В. Чернышов  шетелдегі үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасындағы тығыз байланыс туралы, олардың қызмет барысындағы ерекшеліктер туралы көрген-білгенін жиналған қауымға айтып өтті.
       - Үкіметтік емес ұйымдар не үшін керек? Мәселен, коммерциялық ұйымның басты мақсаты – пайда табу, мейлінше көбірек ақша тарту. Ал үкіметтік емес ұйым бұл мәселеге басқа тұрғыдан қарайды. Ол біріншіден, қандай да бір тапсырысты коммерциялық ұйымға қарағанда анағұрлым төмен бағаға орындайды. Олардың жер-жерлерде жүзеге асыратын  әлеуметтік жобаларының сапасы да жоғары болады. Көптеген дамыған елдерде, мысалы, Болгария, Германия, Польшаны алатын болсақ, онда үшінші сектор жақсы дамыған. Олар көбінесе қаржылай қолдауды Еуроодақ тарапынан көп алады. Әрбір мемлекеттік құрылымда Еуроодақ өкілі бар десек те артық айтқандық емес. Олар жергілікті жерлерде отырған шенеуніктерге халықтың мәселелерін шешуді үйретеді.  Бұл заңнамаларға өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.  Біз де, яғни Азаматтық Альянс мүшелері, ҮЕҰ заңнамаларына өзгерістер енгізу мақсатында сіздердің ой-пікірлдеріңізді ескере отырып, Парламент дәрежесінде бұл мәселелерді көтеруге тырысамыз. Сондықтан бірге жұмыс істейік. Әкімдердің алдында, ішкі саясат бөлімдерінде жергілікті  маңызы бар әлеуметтік тапсырыстарды  арттыру мәселесін көтеріп, ұсыну керек. Барлығымыздың мүддеміз ортақ, сол мүдденің жүзеге асуы үшін бір кісідей ат салысайық, - деп атап өтті О. В. Чернышов.
       Бұдан кейін сөз алған ШҚО Азаматтық Альянсының атқарушы директоры М. Абулова 3-сектор жайында, оның қызметі, оның ерекшелігі жайында жиналған қауымды жақынырақ таныстырды. Ал ішкі саясат басқармасы жастармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімі бастығының міндетін орындаушы С. Жеңісов мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өзара қатынасының мәселелері жайында сөз қозғады.
- Жаңадан құрылған үкіметтік емес ұйымдар көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп жатады. Ең алдымен лотқа қатысу үшін құжаттарын қалай рәсімдеу керектігін білмей қиналады. Аудандарда әкімдік тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қаражат бөлінбейді. Бұл біріншіден, аудан әкімдерінің тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың ролін түсінбегендіктен болады, кей аудандарда тіпті үкіметтік емес ұйымдар мүлдем жоқ. Ал құрылған ұйымдардың өздері алған әлеуметтік тапсырыстарын жүзеге асыруда тәжірибелері жетпейді, - деген мәселелердің басын ашты С. Жеңісов.
       Жиналған қауымға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алуда, оны жүзеге асырудағы заң аспектілеріне қатысты ішкі саясат басқармасының заңгері А. Ақынов өз кеңестерін берді. Ал «Үздіксіз білім беру» ҚҚ директоры Г. Касиманова ҮЕҰ арналған ауыл мектептерін құру жобасын таныстырып өтті. 
       Қандай да бір қоғамның (демократиялық, әлеуметтік, құқықтық және т.б.) реформалау үрдісі қоғамның барлық мүшелерінің қатысуынсыз қажетті даму қарқынына ие бола алмайды. Өз өмірлері мен қоғамның жақсы жағына өзгеруіне,  отбасының, ауылдың, қоғамның  ауқатты өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктерді жасау үрдісіне азаматтардың қатысу үрдісі неғұрлым белсенді болған сайын, бүкіл қоғамның реформалау үрдісі тиімді жүзеге асатын болады. Ал қоғамның мүшесі – сіз бен біз, яғни еліміздің кез-келген азаматы. Сондықтан өз өмірімізді жақсартуға белсене араласқанымыз абзал.