www.dvpvko.gov.kz/
іздеу:
 

Құрметті сайт оқырмандары! Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының сайтына қош келдіңіздер! Біздің басқарма облыста ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ауқымды тапсырмаларды орындайды. Жалғастыру...

Құрметпен, басқарма бастығы Нұрғалиев Е.Ж.

rus  |  kaz
Басқару тақтасы
Ресми сайты » Қазақстан Республикасы Президентiнi » 2009 » ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА
ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА
Құрметті қазақстандықтар!

Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндеттер тұр.
Қазірдің өзінде біз қабылдағанның бәрі – бұл бүгінгі дағдарыс туындатқан ағымдағы проблемаларды шешу.
Мен тоқтап қалмауды, одан әрі жүруді және дағдарыстан кейінгі елдің дамуын қамтамасыз ету үшін экономи­каны одан әрі жаңғырту және жұмыспен қамту стратегиясын іске асырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынамын.
Ең қиын жылдары біз салуды бастап, елдің жаңа байтағын – Астананы, біз осыны жүзеге асыра алатынымызға еш­кім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны бүкіл әлем көріп отыр. Келіңіз­дер, осы жақсы тәжірибені жалғас­тыратын болайық.
Иә, жаңа қаражат қажет. Осы мақсат­та дәстүрлі түрде Ұлттық қорға есептеліп келген шикізаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұмсау дұрыс болады деп санаймын. Тұтастай алғанда бұл Ұлттық қордан бекітіліп қойылған трансферттерге қосымша шамамен 600 миллиард теңгені құрайды.
Бұл – уақытша, бірақ та қажетті шара. Бұл ретте біз қазіргі сәтте бар елдің жалпы резервінің сол көлемін, яғни 47 миллиард американ долларын сақтаймыз. Бұл бізге осы дағдарыс жалғасқан жағдайда тұрақтылыққа деген сенімділік береді.
Қаражаттың басқа бір көзі – бұл бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібі. Осыны ескере отырып Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режімінде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырамын. Осыған сондай-ақ біздің депутаттарды да шақырамын.
Қауырт өсу кезеңінде үйреншікті болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұ­ты­нумен және үнемдеумен ауыстыры­луы тиіс. Ашығын айтайық, бізге ақша пайда болған осы жылдары сұраныс көбейіп, штаттар қампиып кетті және іссапарлар саны, әрқилы ауқымды мәдениет күндерін өткізу ұлғая түсті. Осы мәселеде баршаның ойланғаны керек.
Қаржы тәртібін бұзушыларға дағда­рыс уақытының заңы бойынша қатал сұраныс қойылуы тиіс. Барлық басым емес шығындар – әкімшілік, инвести­циялық және басқа шығындар – нөлге теңестірілуі тиіс. Бұл жергілікті бюджеттерге де қатысты.
Босаған қаражат бізге, ең алдымен, қазақстандықтардың еңбекпен қамтылу стратегиясын іске асыру мүмкіндігін береді. Ол бізге дағдарыс ауыртпалығын еңсеруге ғана көмектесіп қоймайды, сонымен бірге дағдарыстан кейінгі уақытта экономиканың тиімді дамуын қамтамасыз етеді. Ол әрбір қазақстан­дық отбасына жаңа мүмкіндіктер беруі тиіс.
Жұмыс орындарының жеткіліктілігі Үкімет мүшелері мен әрбір әкімнің Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге қабілеттілігі айқындалатын негізгі көрсеткіш болуы тиіс.
Әрбір әкім, әр министр апта ішінде қанша жұмыс орнының қысқарғанын және жергілікті орындарда қаншасын ашқанымызды білуі тиіс. Нақ осы тұр­лаулы дамудың негізі болып табылады.
Өңірлік жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтама­сыз ету үшін мен Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Жергілікті бюджеттерден де жұмыс­пен қамту стратегиясын бірлесе қар­жыландыруға ресурстар бөлінуі тиіс.
Жұмысынан айырылғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Біз кем дегенде 350 мың қазақ­стандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз, бұл қазіргі қоғамдық жұмыстарды есептемегенде.
Бізде еңбек рыногын дамыту үшін мүмкіндіктер бар, оларды ойлап табу керек емес. Нақ осыған біз қосымша бөлінген қаражатты жұмсаймыз.
Біріншіден, бұл коммуналдық желі­лерді қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл – сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері.
Үкіметке әкімдермен бірлесіп осы мақсатқа кететін қажетті шығындарды анықтауды, жұмыстарды қаржылан­дыруды ғана емес, сонымен бірге бюд­жеттен бөлінген әрбір теңгенің пайда­ла­нылуын қатаң бақылауды тапсыра­мын.
Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол – болашақ дамудың негізі. Бұл қалалар мен жергілікті орындарда орасан көп жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі. Біз халқымыздың сатып алу қабілетін арттырамыз. Егер парасатпен жұмыс істей білсек, босаған адамдарды жаңа мамандықтарға үйрету керек.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лықты әлдеқашан-ақ ретке келтіру керек еді. Келіңіздер, қазір осымен айналы­сайық.
Екіншіден, бұл жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын салу, қайта жарақтандыру және жөндеу, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жаңарту.
Бұл енді ӘКК-лердің міндеті, олар халықтың барынша жұмыспен қамты­луын қамтамасыз етуге міндетті. Мәселенің қаржылық жағы – Үкімет пен әкімдердің құзырында.
Біз қазір халықпен келісіп, тура айтуға тиіспіз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бітіреміз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, біз жаңаларын кейінге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептерді, аурухана­ларды, медициналық пункттерді жөндеу­ге жұмсаймыз. Осылай жұмыс орын­дарын да құрамыз.
Сондай-ақ, біз салуды белгілеген магистралдық автомобиль және темір жолдарын да тоқтата тұруға тура келеді. Мұның орнына ақшаны облыс орталық­тарының, қалалардың төңірегіндегі жолдарды, ауданаралық жолдарды ретке келтіруге жұмсаймыз. Осылайша біз тылымызды бекіте түсеміз.
Үшіншіден, әрбір нақты елді мекен­дегі жергілікті мәндегі нысандар. Бұл жергілікті биліктің шешуі бойынша жолдарды, клубтарды немесе басқа нысандарды абаттандыру мен көгалдан­дыру, жөндеу. Бұл мақсаттарға атаулы трансферттер бөлінуі тиіс.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлінуі тиіс. Жұмыспен қамтудың жергілікті проблемалары мен мәселе­лерін шешу үшін бұл қаражатты қайда жұмсау керектігін олардың өздері шешетін болсын.
Бұл жұмыстың тиімділігі үшін дербес жауапкершілікті тұтастай әкімдерге жүктеймін.
Аталған барлық жобаларды іске асыру үшін біз жергілікті өндірісші­лердің әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы­ның қарсаңында тұрмыз. Осы датаға орай бүкіл Қазақстанда кең ауқымды жұмыс өрістеуі керек. Бұл біздің ұрпағымыз үшін, біздің халқымыз үшін ұмытылмас жылдар. Қазақ ұлтының және бүкіл Қазақстанның тарихында мұндай кезең болған емес.
Осының барлығына тереземіз тең, керегеміз кең ел болғанның арқасында қол жеткіздік, ел ретінде, қазақ ретінде, мемлекет ретінде мұндайлық сәулелі күннің басымызға тәуелсіздіктің арқасында ғана қонғанын біздің ұрпақ ұмытпақ емес. Ел шежіресіндегі ерекше бұл белеске біз барынша дайындықпен баруымыз керек. Қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлеріміздің іші-сыртын әрлесек, елдің де көңілі көтеріле түседі.
Сондықтан бұл жұмысты біз қазірден бастауға тиіспіз. Әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 миллион теңгедей аздап ақша бөлсек, олар аудандық мәслихат­тар­дың бақылауымен қандай да бір қиындық көріп жатқан тұрғындарға қажетті мәселелерді шешер еді, шағын несиелер берер еді.
Осылайша біз жұмыспен қамтылу мәселесін шешіп қана қоймаймыз, сонымен бірге біздің елімізде жаңа өндірістердің пайда болуы үшін ынталандыру жасаймыз.
Төртіншіден, бұл әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейту және жастар практикасын ұйымдастыру.
Халықты жұмыспен қамту туралы қолданыстағы Заң бізге бюджет қара­жатын осы мақсатқа пайдалануға мүмкіндік береді. 2008 жылы 13 мыңнан астам адам осы бағдарламалар бойынша өз мүмкіндіктерін іске асырды.
Біздің бүгінгі міндетіміз – қазіргі бар бағдарламалардың аясын кеңейту.
Осы мақсатқа қосымша 8,6 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Сонда біз 96 мыңға жуық адамды жұмыспен қамта­масыз етеміз.
Осымен бір мезгілде біз Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы төлеудің барынша ұзақ мерзімін 4-тен 6 айға дейін ұлғайтуға тиіспіз.
Әлемдік дағдарыс жағдайында біздің жұмыспен қамту стратегиямыз кадрлар­ды қайта үйрету және қайта даярлау жөніндегі толық ауқымды жұмысқа бағытталған.
Үкіметке әкімдермен бірлесіп қазіргі бар оқу орындарының базасында маман­дарды қайта даярлауды ұйымдастыруды тапсырамын.
Біздің адамдарымыз оқып-үйренуге тиіс, бүкіл әлемде адамдар өмір бойы оқумен өтеді. Мына жағдайда қайта оқуға, сөйтіп бүгін қажет болып отырған мамандықты игеруге мүмкіндік те бар, қажеттілік те бар.
Біз қазір барлық ірі құрылыс кәсіп­орындарын адамдарды басқа мамандық­тарға оқыту үшін қарыз бөлуге міндет­тейміз. Барлық жерде осылай болуға тиіс. Егер Үкімет пен әкімдер жұмысты ойдағыдай ұйымдастыра алса, адамдар оқуға отырады да, жаңа мамандықтарды игеріп алып кетеді.
Кадрларды қайта даярлау және қайта оқыту жөніндегі жүйелік жұмыс мынадай мақсаттарды көздеуі тиіс:
· Жаңа мамандық бойынша жұмыс істегісі келетін әрбір адамның оқу мүмкіндігі болуы тиіс.
· Экономиканың еңбек ресурста­рына деген болашақ сұраныстарын, ең алдымен, ауыл шаруашылығында қамтамасыз ету.
· Шетелдік жұмысшыларды отан­дық кадрлармен біртіндеп алмастыру. Біз оларды жартылай қысқартып, өз адамдарымызбен алмастырмақпыз.
Сонымен қатар әлемдік дағдарысқа, біз бастан кешіп жатқан кезеңнің қиын­дықтарына қарамастан, біз олардың шешілуіне ғана шоғырланып қоя алмаймыз. Біздің болашағымыз эконо­ми­каның одан әрі жаңғыртылуы мен базалық инфрақұрылымның дамуына байланысты.
Біз қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды қаржылан­дыру және іске асыруды жалғастырамыз.
Ең алдымен бұл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту.
Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар, сөйтсе де әлі күнге жанармай сатып ала­мыз, авиация керосинімен де қамтама­сыз етілмегенбіз. Енді қазір бұл іспен айналысу керек.
Біз осы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты біртіндеп толық қамтамасыз етуге тиіспіз.
Біз Атырауда мұнай-химия кешенін салуды жалғастырамыз. Мойнақ ГЭС-інің құрылысын биыл аяқтаймыз, Екібастұз 1-ГРЭС-ін кеңейту және қайта жарақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Ол жерде сегіз блоктың орнына төрт блок жұмыс істеп тұр. Бұл дайын, шығынды қажет етпейтін электр қуаты. Екібастұз 2-ГРЭС-інің үшінші энер­гия блогын салу жұмысын жалғас­тырамыз, биыл Балқаш ЖЭС-ін салуды бастаймыз.
Біздің жоспарларымызда “Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ” магистралдық газ құбырын салу, “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының транзиттік дәлізін қайта жарақтандыру бар. Биыл біз дайындық жұмысын қолға аламыз. Онда 5 мың адам жұмыс істейтін болады, ал 2010-2012 жылдары 50 мың адамға дейін жетеді.
Мұның өзі Қазақстанды Еуропадан Азияға жетіп жататын көлік дәлізіне айналдыратын күретамыр болады.
Біз электровоздар, жолаушы және жүк вагондары, жол битумдары өнді­рісін, химия өнеркәсібін ұйымдастыруға кірістік.
Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз.
Сондықтан да біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауылшаруашы­лық техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақ­стандық астық экспортының инфрақұ­ры­лымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндіріс­терді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғас­тыруға шешім қабылдадық.
Құрылыс үшін басқа да маңызды жо­баларды қарастыру керек. Бұл Көксарай су қоймасын, басқа да ірі ирригациялық нысандарды салуды жалғастыру.
Қызылқұм массивінде 60 мың гектар суармалы жерді игеру мақсатын алға қойғанбыз. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен кірме жолдары бар нысандарда жұмысты бастау керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату ­– маңызды сала. Біз қазір консервіленген жеміс-жидек өнімдерінің 80 пайызын, ет өнімдерінің жартысын, құрғақ сүттің 53 пайызын сырттан әкеліп жүрміз. Егер осының бәрін шеше алсақ ­– онда адамдар қаладан селодағы өнеркәсіпке жұмыс істеуге баратын болады.
Біздің бағалауымыз бойынша, экс­порт­тық мамандандыру перспективада 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орын­дарын құруға мүмкіндік беріп, таяудағы бес жылда ІЖӨ-нің қосымша өсімінің 8 пайызға жуығын қамтамасыз етеді.
Осылайша, өзіміздің стратегиялық таңдаумен жүріп, біз экономиканың нақты бәсекеге қабілетті болатын, сыртқы рыноктарда өз орнымызды табатын секторларында жұмысты дәйектілікпен жалғастырудамыз.

* * *
Қазіргі қиындықтар – бұл біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес.
Өтпелі кезеңнің аса ауыр дағдарысын біз 90-шы жылдардың басында еңсердік.
Ол кезде экономиканың құлап түсуі 60 пайызға жетіп, инфляция жылына мыңдаған пайыздармен есептелетін.
Азияның қаржы рыноктары туындат­қан екінші әлемдік дағдарысты біз 90-шы жылдардың аяғында еңсердік. Мұнай бағасы онда бір баррель үшін 9 долларға дейін төмендеді. Біз зейнетақы мен жалақыны төлей алмадық. Ол қиындықтарды да біз еңсердік.
Уақыт өтеді, содан кейін біз осы дағ­да­рысты да еңсергеніміз туралы айтатын боламыз. Қалыптасқан жағдайдан объективті шығындармен, бірақ та жаңа өсуге әзір болып шығатын барлық мүмкіндіктер біздің қолымызда.
Дағдарыстар қайталанатын болады, ал біздің мақсат – оны басқаруды үйрену. Әзірге бізде бұл орындалуда.
Бүгінде біз өз күштеріміз бен ресурстарымызды қайта топтастыруға мәжбүрміз және біз мұны сыртқы жағдайлардың ықпалымен істеудеміз. Алайда бұл біз өз бағытымызды өзгертті дегенді тіпті де білдірмейді. Ол бағыт 2030 жылға дейінгі елдің Даму страте­гиясында анықталған. Өмір түзетулерін енгізуде. Бірақ та атап көрсеткім келеді, ол бұрынғысынша қалып отыр.
Барша қазақстандықтардың өркен­деуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсаруы біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды үштұғырлы міндет болып қала береді.
Бізде дағдарысқа қарсы жоспар бар, мемлекеттік резервтен жеткілікті қара­жат бөлінген. Тұтастай Үкімет және Премьер-Министр, мемлекеттік орган­дардың басшылары, әкімдер дағдарыс­тан шығу жөніндегі белгіленген шара­лардың орындалуына тікелей жауапты болады.
Бүгінгі проблемалар және біздің оларды қалай шешіп жатқанымыз – кемел­діктің және біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығының сынағы. Біз бұл сынақты тапсырамыз деп ойлаймын. Бізге өз дамуымыздың жаңа кезеңіне кіруге және біздің жетістіктерімізді еселеуге тура келеді. Мұны да орындайтынымызға сенім­дімін.
Белгілеген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқан­дығы қажет.
Сондықтан да барша қазақстандық­тарға аталған шараларды жүзеге асыруға кірісуге, еңбекқорлық пен табандылық танытуға, ұсынақты болуға, жақында­рыңа, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуге және қамқорлық жасауға шақырамын.
Парламенттің, мәслихаттардың, “Нұр Отан” партиясының депутатта­рына сөз арнаймын. Біздің партия үшін дауыс берген сайлаушылар бізге зор сенім көрсетті. Енді қазір, қиын дағдарыс кезеңінде, біз оны ақтап, қоғамдағы дағдарысқа қарсы ауқымды қозғалыстың басында болуға тиіспіз.
Үкіметпен және жергілікті органдар­мен бірлесіп адамдардың нақты пробле­маларын шешу, дағдарысқа қарсы шара­лардың іске асырылуын, осы мақсат­тарға бөлінген бюджеттік қаражаттың жұмсалуын айрықша бақылауға алу керек.
Қазақстан халқы Ассамблеясына, барлық саяси күштерге сөз арнаймын. Қазір халық туралы кімнің шын мәнінде ойлайтыны, ал кімнің – ойламайтыны сөзбен емес, істе тексеріледі.
Келіңіздер, планета тарихындағы аса қатал дағдарысты еңсеру жолында бірігейік!
Адамдарды ашындырмайық, оларға сөзбен және іспен көмектесейік. Мемлекет қазір нақ осыны жасап отыр. Елде тыныштық пен келісімді сақтау маңызды міндет болып қалады.
Бүгінде бүкіл дүние бір-біріне қарап отыр. Дағдарыстың беті қалай болар екен, одан қай мемлекет қалай шығар екен деп бақылауда. Сан түрлі саясат­керлер, сарапшылар Қазақстан қазіргі­дей қиындықтан өтер ме екен, осы кезде ел бірлігін сақтап қалар ма екен, бұл ел өзінің мемлекеттілігін құрметтей білер ме екен деп тұрған сын сағатта мен, әсіресе, қазақ халқына бөлекше жауапкершілік жүктеп сөз арнаймын. Қазір алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жеріміз кең, еліміз бай, істеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетіп жатыр. Бел шеше кірісіп, білек сыбанып жұмыс істейтін кез келді. Бір-бірімізге қарайласатын, көмектесетін, ағайын­шылықты танытатын кез дәл осы кез.
Барлық мемлекеттік қызметшілерге сөз арнаймын. Қазір біз бәріміз қызмет ететін халықтың алдындағы әрбір басқарушының жауапкершілігі еселеп арта түседі. Жергілікті орындарға жиі шығып, еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесу керек. Мемлекет қолға алып жатқан шараларды түсіндіріп, адамдарды біріктіру, оларды проблемаларды шешуге көтеру керек.
Құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлеріне сөз арнаймын. Біздің қалалардың көшелері мен ауылдардағы тыныштық сіздерге байланысты. Қыл­мыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керек. Осы қиын кезде біздің азаматтардың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек.
Мен бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамын! Сіздерді “төртінші билік” деп кездейсоқ атамайды!
Қазір БАҚ адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде “кеңесші” ретінде көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету керек. Біздің ғылыми және шығар­машылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі.
Сенімділік, жеке белсенділік, төзім­ділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл күйлерді орнықтыратын материалды жиі беру керек.
“Нұр Отан” партиясының мүшелері үйді-үйде көбірек болуға, қандай мамандықтарға қайта оқуға мүмкіндік бар екенін, несиелер мен шағын несиелерді қалай алуға болатынын, қиын жылдарда не істеу керектігін түсіндіруге тиіс. Әр үйге, әр отбасына бару, қарапайым адамдардың көмек­шілеріне, кеңесшілеріне айналу керек. Асып-сасатын ештеңе жоқтығын, елдің байтақ екенін, істеген адамға жұмыс жететінін ұғындыру шарт. Сондықтан қай жерде де бірімізге біріміз көмек­тесіп, білетіндер білмейтіндерге айтып жүруіміз керек. Осының өзі халықты біріктіре түсетін болады.

Құрметті қазақстандықтар!

Ел дамуының жаңа кезеңінің табыс­тары көп ретте біздің іс-қимылымыз бен қабылдаған шешімдерімізге байланысты болады.
Бізде қажетті ресурстар, әлемдік дағдарыс қыспағына төтеп беретін тәжірибе бар. Бізде айқын дағдарысқа қарсы бағдарлама бар. Қойылған мақсаттардың бәріне қол жеткізуге болады!
Біз барлық қиындықты еңсеретіні­мізге және Қазақстанымызды күшті, өркенді және әлемде құрметтелетін мем­лекетке айналдыратынымызға сенім­дімін!

Қадірлі әлеумет!
Отандастарым!

Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет.
Ел басына күн туған нелер бір қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағы мен бірлігі емес пе еді?
“Мың өліп, мың тірілген” қазақ халқы кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен нәубет жылдарында да өзінің елдігін ынтымақ пен бірліктің арқасын­да сақтай білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге республикаларда қантөгістер мен қақтығыстар болып жат­қанда, татулық пен бірліктің арқасында жас мемлекетімізді жасақтап, өтпелі кезеңнен шығынсыз өттік емес пе?!
Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде мен туған халқымның ынтымақ пен ауыз­бір­шілік танытарына сенемін.
Сіздер өздеріңіз бас болып өзге отандас ағайындарға ұйтқы болыңыздар. Әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік көрсетіңіздер.
“Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деген аталы сөзді бәріңіз білетін шығарсыздар.
Олай болса енді ұсақ-түйекті, берекесіз тірлікті доғарған жөн. Ел үшін, ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді, ағайын.
Баршаңызға: “Іске сәт!” демекпін!

 
Другие новости по теме:

  • ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА
  • АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТ ТОПТАРЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІНЕ КӨ ...
  • ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ –  ...
  • Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлта ...
  • ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ - ...


  • логин :    
     
    пароль :    
     
         
    Тіркелу | Парольді еске салу?
    Социологиялық сауалнама
    Жақын арада ШҚО аумағынан көшуді жоспарлап отырсыз ба?

    Иә, басқа облысқа
    Иә, Ресейге
    Иә, алыс шетелге
    Жоқ, жоспарымда жоқ
     
    Ақпараттық банерлер
    Послания Президента РК
    20-летие Независимости Казахстана
    X Жастар форумы
    Официальный сайт Президента РК
    Сайт электронного Правительства РК
    Официальный сайт Акима Восточно-Казахстанской области
    Отчеты Управления внутренней политики ВКО
    Социологические исследования
    Жемқорлық тоқта
    ЕВРАЗЭС
    Если вы потеряли работу
    Учись управлять своими деньгами
    В помощь PRопагандисту
    Новая индустриализация
    Әлеуметтік тапсырыс
    С дипломом в село