Мұндай жаңа қағидаттар 2008 жылы қанатқақты мемлекеттік органдарда – Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктерінде және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде екшелуге тиіс.
Әкімшілік реформаның басты мақсаты басқарушы аппарат жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру болуға тиіс. Яғни, халыққа қызмет етуі шарт.
Ол төрешілдікті, сөзбұйдаға салуды азайтуға тиіс.
Әкімшілік реформаның негізгі элементтерінің бірі елдегі жаңа кадр саясаты болуға тиіс. Дамудың қазіргі кезеңінде адам факторы айқындаушы фактор болып табылады.
Мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тұрпатты басқарушылардың кәсіби ұйытқысын қалыптастыруға бағытталған қазіргі заманғы қағидаттарды әзірлеу қажет.
Бұл үдерісте үлкен рөл “Нұр Отан” партиясына тиесілі болмақ. Партия мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлар жасақтауға белсенді қатысып, лайықты азаматтар үшін “әлеуметтік көтергіш” рөлін атқаруы керек.
Бұл орайда жас ұрпаққа, “Болашақ” бағдарламасының түлектеріне де маңызды рөл берілуге тиіс.
Жас кәсіби мамандар ел өмірінде болып жатқан үдерістерде өз орнын тауып, болашақты орнатуға белсенді қатысуы керек. Сондықтан да резервпен жұмыс істеу де жаңа деңгейдегі жұмысты талап етеді.
Президент Әкімшілігі кадр жұмысына басшылық жасауға тиіс.
Бесінші. Келесі жылдан бастап еліміздің тарихында тұңғыш рет мемлекеттік бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің негізі 3 жылдық бюджет болады. Бұл үшін Үкімет ағымдағы жылдың өзінде жаңа Бюджет кодексін әзірлеуі қажет.
Сондай-ақ жоспарлау жүйесін жаңарту мен жетілдіру, бюджет қаражатын пайдалану мен мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты шұғыл түрде жеделдету керек.
Алтыншы. Үкімет нысаналы аудит, керек десеңіз, негізгі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар бойынша бөлінген мемлекеттік қаражатқа “тым мұқият аудит” жүргізуі керек.
Бұл аудиттің мақсаты – қол жеткен нәтижелерді бағалау, мемлекеттік қаражатты басқару мен жұмсаудың тиімділігін күрт арттыру.
Жетінші. Үкімет шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру жөніндегі дәйекті жұмысты жалғастыруға тиіс.
Шағын несие ұйымдарының жұмысын, соның ішінде мемлекет қаражаты есебінен де қолдау керек. Олар біздің жүз мыңдаған азаматтарымыздың өз ісін ашуына қолдау көрсетуде. Шағын несие берудің қолжетімділігін арттыру және көптеген қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі шараларды ойластыру қажет.
Дамыған кәсіпкерлік сектор – кез келген ел экономикасының негізі.
Осыған байланысты әкімшілік реформа аясында Үкіметке бизнеске түсетін әкімшілік салмақты батыл азайтуды, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырамын.
Бір мысал келтірейін. Дүниежүзілік банктің “Бизнесті жүргізу” туралы соңғы есебі бойынша барлық экспорттық рәсімдерден өту үшін Қазақстанға 89 күн, мәселен, Эстонияға бұл үшін небәрі 5 күн керек екен.
Кәсіпкер үшін нағыз кесапат – 50-ден астам заңда көзделген түрлі-түрлі тексерулер болып отыр.
Кейбір ведомстволар заңнаманы бұза отырып, түрлі сылтаулармен кәсіпорынды бірнеше рет “тексеруге” мүмкіндіктер іздейді. Бұл бизнесті өз ісінен едәуір алаңдатады. Бұл мен жүргізіп отырған саясатқа қайшы келеді. Құқық қорғау және басқа да тексеруші органдардың тексерулерінің санын едәуір қысқартып, ретке келтіру керек.
Қымбатты қазақстандықтар!
ІІІ. Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру
Қазақстандықтардың, Қазақстан қоғамының барлық жіктері мен әлеуметтік топтарының әлеуметтік көңіл-күйін ұдайы жақсарта түсу мемлекет саясатының алдыңғы сапында болып келді және осылай болып қала береді.
Өмір сапасының стандарттары адам капиталын дамытудың және Қазақстанды әлеуметтік жаңартудың тиімді нарықтық құралына айналуға тиіс, бұл ретте масылдық пиғылды орнықтыруға жол беруге болмайды.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты жұмыс орындарын ашуға және еңбекке қабілетті халықты ел экономикасына тартуға бағдарланған жағдайда ғана тиімді бола алады. Бұл қағиданы біз бұрын да ұстанып келдік, болашақта да одан ауытқымаймыз.
“Нұр Отан” партиясының 5 жылға арналған сайлауалды тұғырнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерінің тұрмыс деңгейін алдағы уақытта да арттыра беру үшін бізде барлық негіз бар.
Жаңа үшжылдық бюджет:
● тұтас алғанда 2007 жылға қарағанда зейнетақылардың орташа мөлшерін 2012 жылға қарай 2,5 есе, оның ішінде 2009 жылы – 25% , 2010 жылы – 25% және 2011 жылы 30% арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте 2011 жылы арқаулық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі күнкөріс мөлшеріне қарай 50% -ға дейін өсірілуге тиіс;
● мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 2009 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9% арттыруды;
● сәби бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 2010-2011 жылдары кезең-кезеңмен өсіруді, орта есеппен алғанда 2007 жылғы жәрдемақының мөлшерінен 2,5 есеге арттыруды;
● 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп бала туғанға берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін 2007 жылға қарағанда 4 еседен асыра өсіруді;
● бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру арқылы 2012 жылы 2 есе деңгейге, оның ішінде 2009 жылы – 25%, 2010 жылы – 25%, 2011 жылы 30% арттыру қамтамасыз етілуі тиіс.
● тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квотаны 2009 жылы 5 мың отбасына дейін ұлғайтып, жылына 20 мың отбасына жеткізуіміз керек.
Әлеуметтік игілікті қамтамасыз ету өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ еліміздің адам ресурстарын ұлғайтумен қатар жүргізілуге тиіс. Еліміздің ғылыми, білім беру және денсаулық сақтау кешендерінің басты мұраты осы.
* * *
Білім беру саласының басты міндеті – 2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындай отырып, осы саланың сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту.
Бірінші. Білім және ғылым министрлігі үш жылдың ішінде заманға сай білім алуға және озық технологияларды игеруге мүмкіндік беретін білім берудің тиімді инфрақұрылымын жасауды аяқтайтын болсын.
Үстіміздегі жылы біз 68 мың оқушы орынға арналған 88 мектептің құрылысын, ал 2009-2010 жылдары 69 мың оқушы орынға арналған тағы да 102 мектептің құрылысын бастай аламыз.
Екінші. Үкіметке, мемлекеттік холдингтерге облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесе отырып кәсіптік-техникалық білім беруді одан әрі дамыту бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырамын.
Бұл бағдарлама ел экономикасы үшін барынша қызығушылық тудырып отырған тиісті білім салаларына шетел ғалымдары мен оқытушыларын тартуды көздеуі тиіс.
Бұған, ең алдымен, жұмыс берушілер мен олардың қауымдастықтары, яғни бірінші кезекте осындай кадрларға зәрулік танытқан бизнес өкілдері белсенді түрде тартылуы қажет.
Үшінші. Үкімет “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді.
Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарды әзірлеу керек.
Қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға арналған тендерді үнемі жеңіп алатын бір-екі баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшін қандай бәсекелестік болмақ. Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйренуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар нақты шешім қабылдауы тиіс.
Төртінші. Әзірге халықты мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуде “бетбұрыс” жасала қойған жоқ. Үкімет пен әкімдер барлық жерде бұл проблеманы терең зерделеп, осы негізде бұл мәселенің шешімін әзірлеуі тиіс.
Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет.
Әрі балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз керек.
* * *
Бүгінгі күні біздің денсаулық сақтау жүйеміз осы заманғы Қазақстан азаматтарының талаптарына қазірше сай емес. Бұл — денсаулық сақтау саласының басты мәселесі. Қазіргі кезде қолымыздағы инфрақұрылым да, медициналық қызметтің сапасы да әрі қызмет көрсетуді ұйымдастыру деңгейі де көңілден шықпайды.
Бірінші. Үкімет денсаулық сақтау нысандарын қалпына келтіру мен дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет.
Биыл біз республикалық маңызы бар 9 денсаулық сақтау нысанының, жергілікті маңызы бар 112 нысанның құрылысын қолға алдық.
Екінші. Ауруды емдеуден гөрі оның алдын алудың арзанға түсетінін есепке ала отырып, басымдықты аурудың алдын алуға, яғни ең озық әдістерді енгізу арқылы алдын ала диагностика жүргізу, ауруды анықтау мен емдеу сияқты қолданыстағы бағдарламаларды қайта саралауға бағыттаған жөн.
Денсаулық сақтау саласындағы қаржы ресурстарын тиімді пайдалану үшін тиісті талдау жүргізіп, медициналық қызметтің нақты құнын бағалау керек.
Үшінші. Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне бірлесе отырып ауруханалардың медициналық қызметкерлерінің, соның ішінде медицина қызметкерлерін қосымша даярлау мен қайта даярлау, оларды сертификаттау мен лицензиялау жолымен біліктілігін арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарында гранттар мен “Болашақ” бағдарламасы бойынша медициналық мамандықтарға квота санын көбейту қажет.
Төртінші. Ерекше назар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге аударылуы тиіс. Елге әкелінетін медициналық препараттардың сапасына қатаң бақылау орнатып, белсенді түрде отандық фармацевтикалық фабрикаларды құруға қажетті инвестиция тарту қажет.
Бесінші. “Дені сау ұлт” үшін инфрақұрылымын дамытудың маңызы жоғары. Балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа және оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керек.
Әкімдер жаңа стадиондар мен спорт кешендерін, балаларға арналған және басқа спорт алаңдарын салу мен ескілерін жаңарту арқылы барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп, өмір жастарын ұзартуына жағдай жасауы қажет.
Министрліктер мен әкімдіктер саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыруы қажет. Бұл мемлекеттік маңызды мәселе, сондықтан Үкімет оған барынша ауқымды дәрежеде көңіл бөлуге тиіс.
Демографиялық ахуалды түбегейлі жақсарту жөніндегі кешенді шараларды белгілеу қажет. Бұл мәселеге таяу уақыттағы Ұлттық кеңестің мәжілісін арнау керек.
Дені сау ұлт – жалпыұлттық міндет. Оны жүзеге асыру мәселесіне отандық бизнес-қауымдастық белсенді қатысуға тиіс.
Осы ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі менің үндеуіме барлық бизнес қауымдастығының қызу үн қосқанын қанағаттанғандық сезіммен атап өткім келеді.
“Қазақмыс” корпорациясы, Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциациясы, Қазмырыш, Теңізшевройл, Аджип, “ҚазМұнайГаз”, “Қазатомөнеркәсіп”, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниялары сияқты құрылымдар тек өткен жылы ғана әлеуметтік салаға арналған нысандарды: мектептер, медициналық және мектеп жасына дейінгі мекемелерді, сауықтыру кешендерін, мүгедектерге арналған оңалту орталықтарын, мәдениет және спорт мекемелерін дамытуға 30 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады.
Бұл — корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мұндай тәжірибе барынша кең таратылуға тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары оған барынша қолдау көрсетуі керек.
* * *
Біздің азаматтарымыз үшін, әсіресе, жас отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапалылығы – мемлекеттің барынша өмірлік маңызы бар басымдықтарының бірі болып келді және алдағы уақытта да солай болып қала бермек.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына мына бағыттар бойынша өзгерістер енгізу қажеттілігі пісіп-жетілді.
Бірінші. Мемлекеттік қызметкерлерге және бюджеттік саланың еңбеккерлеріне тұрғын үй құрылысының жинақ жүйелері арқылы жылдық мөлшері 4 пайыздан аспайтын алдын ала тұрғын үй займдарын беруді жүзеге асыру керек.
Екінші. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала еңбеккерлері үшін салынатын үйлерге екпін түсірген жөн. Өзінің жеке меншік тұрғын үйлерін салғысы келетін азаматтар үшін мемлекет жеке меншік құрылысына арналған инфрақұрылымдар қалыптастырады.
Бағдарлама аясында бұл үдеріске ӘКК-лер белсенді қатысуы керек.
Үшінші. Құрылыс компанияларының қызметінде мөлдірлікті және саладағы бәсекелестікті арттыру дәрежесін заңды түрде қамтамасыз ету керек. Тұрғын үй құрылысы үлескерлерінің құқықтарын қорғауды арттыру қажет.
Жеке меншік тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру мақсатында жер телімдерін беру және тіркеу ережелерін мейлінше жеңілдеткен дұрыс.
Төртінші. Жеке меншік тұрғын үй құрылысында индустриялық, арзан және экологиялық таза технологияларды игеру басымдыққа ие болуға тиіс. Шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін кеңінен қолдану керек.
Бесінші. Биылғы жылы өзінің 10 жылдығын атап өткелі отырған біздің елордамыз Астананы одан әрі дамыту маңызды міндет болып саналады.
Елордадағы энергия көздерінің, инженерлік инфрақұрылымдардың және бүгінгі озық көлік жүйесінің құрылысын одан әрі жалғастыру қажет. Қаланы энергия қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде ЖЭО-3 құрылысымен қоса, энергетикалық кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру керек.
Үкімет елорданың тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру және оны барынша толықтыру мақсатында Астана қаласының азық-түлік белдеуін жасау жөніндегі жұмысты жандандыруы керек.
Үкімет және Астана қаласының әкімдігі 2008 жылы медициналық кластер құру жөніндегі жұмысты негізінен аяқтауды және елорданың 10 жылдығы қарсаңында тапсырылуға тиіс құрылыс нысандарын пайдалануға беруді қамтамасыз етуі қажет.
* * *
Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту барлық дәрежедегі әкімдердің бірінші кезектегі міндеті болып қалуға тиіс. Сондықтан мына бағыттарда мақсатты түрде жұмыс жүргізу керек.
Бірінші. Бюджеттің нәтижелілігін арттыру. Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға арналмаған барлық шығындарды қысқарту қажет.
Орталықта нәтижелілікке бағытталған бюджетті өмірге енгізу жөніндегі жұмыс қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмысты жергілікті жердегі деңгейде де дамыту қажет. Тұрғындар өңірлік биліктің нақты қамқорлығын сезінуге тиіс.
Жаңа әлеуметтік нысандар: медициналық мекемелер, мектептер, спорт ғимараттары тұрғындарға сапалы, озық және ең бастысы, бұқаралық қызмет көрсету орталығына айналуға тиіс.
Екінші. Әкімдер инфрақұрылымдарды, әсіресе, жергілікті маңызы бар жолдарды барынша дамытуды қамтамасыз етуі керек.
Үшінші. Жер телімдерін жасырын бөлу тәсілінің тәжірибесін тоқтату керек. Барлық жер телімдері ашық аукциондар арқылы бөлінуге тиіс. Бұл ретте тек ӘКК қызметтеріне арналған жер телімдеріне ғана артықшылық беріледі.
Үкімет жүргізген тексерістер Астананың және облыс орталықтарының маңайындағы жер телімдері алдын ала жасанды фирмалар мен жеке тұлғалардың есебіне сатылып кеткендігін анықтады. Енді, міне, кейбір адамдар, олардың ішінде көпшілігі шенеуніктер, бұл жерлерді нарықтық бағамен сатып, ешқандай шығын шығармай-ақ мемлекеттің есебінен баюда.
Оларға бұл жерлерді мемлекетке өз еріктерімен қайтару жөнінде ұсыныс жасау қажет немесе құқық қорғау органдары бұл іс-әрекеттердің заңдылығын және ондай адамдардың жауапкершілігін анықтауға міндетті.
Егер “Нұр Отан” партиясы және оның Парламенттегі фракциясы бұл мәселені өз бақылауына алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тұтастай алғанда, “Нұр Отанның” бастауыш ұйымдары және филиалдары, жергілікті мәслихаттардың депутаттары аймақтарды дамытудың және экономиканы жаңғыртудың сындарлы факторына айналуы қажет. Олар жоғарыда айтылған кешенді шараларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысып, атап көрсетілген міндеттерді айрықша бақылауға алулары керек.
Құрметті Парламент депутаттары!
Ханымдар мен мырзалар!
IV. Қазақстанның халықаралық беделін, өңірліқ тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіздікті нығайту
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды.
АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін қалыптастырудың негізі болған, Қазақстанның бастамасымен немесе тікелей қатысуымен құрылған мемлекетаралық бірлестіктер өздерінің қажеттігін іс жүзінде дәлелдеді.
Біз Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзіміздің экономикалық және саяси ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта беруге тиіспіз. Өңірдегі тұрақтылық, ашық пікір алысу және өзара іс-қимыл таныту үшін берік негіз қалауымыз қажет.
Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту мақсатында біз, сонымен қатар, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен және НАТО-мен сындарлы өзара іс-қимылды кеңейте береміз.
Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды. Біз осы ұйымның мүшелеріне, әсіресе, біздің кандидатурамызды ұжымдық негізде ұсынған ТМД мемлекеттерінің басшыларына алғыс сезімімізді білдіреміз.
Осыған байланысты “Еуропаға жол” атты арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Ол экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, басқарудың тәжірибесі мен технологиясын тартуға, заңдарымызды жетілдіруге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің стратегиялық пайымын және өзіміздің күн тәртібімізді белгілеуге ықпал етуге тиіс.
Тұтастай алғанда, біздің сыртқы саясаттағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басымдықтарымыз өзгеріссіз қала береді.
Бірінші. Біздің сыртқы саясатымыз негізгі мүдделер ортақтығын іздестіруге, барлық, тіпті ең бір өткір мәселелердің өзінде де мәмілеге қол жеткізу қажеттігін түсінуге құрылған.
Екінші. Қазақстан алдағы уақытта да халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық коалицияның белсенді мүшесі ретіндегі ұстанымын жан-жақты нығайта беруге ниетті.
Үшінші. Біз Қазақстан армиясын жаңғыртуды және оның жауынгерлік дайындығын жетілдіруді жалғастырамыз.
Өткен жылдар ішінде еліміздің Қарулы Күштері өзінің әскери және техникалық сапасын елеулі түрде арттырды.
Қауіпсіздіктің бүгінгі заманғы қатерлеріне тойтарыс беруге қабілетті Қарулы Күштердің кәсіби, әскери және басқару корпусын құру қажет.
Тұтастай алғанда, еліміздің Қарулы Күштерінің алдында жаңа Әскери доктринаға сәйкес өзінің жауынгерлік дайындығын және бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру міндеті тұр. Үкімет пен мемлекет, бүтіндей алғанда, біздің Қарулы Күштерімізге барынша қолдау көрсетуге тиіс.
* * *
Алдағы жылдары жаһандық маңызы бар бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу қажеттігін ерекше атап көрсеткім келеді.
Әңгіме 2009 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезі, 2010 жылы өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, 2009 жылдан басталатын ЕҚЫҰ-ның басқарушы үштігінің жұмысы және 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселелері туралы болып отыр.
Қазірдің өзінде осы мәселелерге байланысты ұйымдастырушылық жағынан да, сол сияқты мазмұны тұрғысынан да байсалды әзірлік жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл Үкімет пен Сыртқы істер министрлігінің ғана емес, барша мемлекеттік басқару органдарының міндеті.
Қымбатты отандастар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Байқасаңыздар, алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында халықтың және сіздер мен біздердің істеп жатқан шаруамыздың барлығы мемлекетіміздің нығаюы, тәуелсіздіктің мықтылығы, халықтың әл-ауқатының артуы үшін жасалуда. Осы жолда бәріміз елдің бізге деген сенімін ақтап, мақсаттарға жетеміз деп мен нық сенемін.
Айтайын дегенім осы еді, ағайын!
Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!