Енді бір 10 жылдан кейін жаңа Қазақстанды жаңа әлемде орнықтыру үшін біз жаңа уақыттың өктем талабына уақтылы әрі лайықты үн қатуымыз керек.
Сондықтан да Үкіметке 2030 – Стратегиясының негізгі қағидаларын Жаңа Кезеңге сай дамытып отырған жоғарыда мен атап көрсеткен барлық міндеттерді байсалды әрі дәйекті шешуді тапсырамын.
Бұл міндеттерді орындау үшін мен өзіміздің ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындап бердім. Бұл - Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму стратегиясы.
Ол менің бүгінгі Жолдауымның екінші бөлімінде баяндалды.
Бізді табысқа, әлбетте, жұмысты заманаға сай ұйымдастыру, биліктің барлық тармақтарының, бизнес-қауымдастықтың, академиялық және қолданбалы ғылымның, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың іс-қимылын оңтайлы ұйымдастыру, бәрінен де бұрын, барша отандастарымыздың қолдауы жеткізетін болады.
VI. Қазақстандық патриотизм мен саяси ерік – жаңа Қазақстанды құрудың маңызды факторлары
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Біз осы таяуда ғана тәуелсіздігіміздің он бес жылдығын мерекеледік. Біз үлкен жолдан өттік, әрі зор абыроймен өттік. Бірлесе қабылдаған шешімдеріміз бен бірге тындырған ісіміздің нәтижесі таңданарлықтай!
Мұның бәрі де, сайып келгенде, біздің Отанымызға, көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымызға деген заңды мақтанышымызға, біздің балаларымыздың келешегінің кемелдігіне деген зор сенімімізге негізделген жалпы қазақстандық патриотизміміздің берік іргетасын сомдайды.
Көне тарих халық өзінің ерік-жігерін, ақыл-парасатын, қажыры мен қайратын биік мұрат жолындағы жасампаздық істерге жұмылдырған кезеңдерде небір қиындықтарды еңсеріп, дамудың ғажайып асқар биігіне көтерілгенін көрсететін жарқын мысалдарды біледі.
Қымбатты отандастар!
Біздің барлық табыстарымыздың қайнары – бірлік пен ынтымақ. Жаңа онжылдық стратегиямызды өздеріңізге ұсына отырып, мен Сіздердің маған қолдау көрсететіндеріңізге сенемін. Барлық кездердегі сияқты бұл қолдаудың құрыштай беріктігіне кәміл сенемін. Демек біз бірлесе отырып, алға қойған мұратымызға жетеміз.
Рахмет!