www.dvpvko.gov.kz/
іздеу:
 

Құрметті сайт оқырмандары! Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының сайтына қош келдіңіздер! Біздің басқарма облыста ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ауқымды тапсырмаларды орындайды. Жалғастыру...

Құрметпен, басқарма бастығы Нұрғалиев Е.Ж.

rus  |  kaz
Басқару тақтасы
Ресми сайты » Қазақстан Республикасы Президентiнi » 2007
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫ
 
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫ 

 
alt
 
«Қазақстан – 2030» стратегиясы Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНI.«Қазақстан-2030» Стратегиясының 10-жылдығы – Қазақстан экономика мен өзінің мемлекеттігінің берік іргетасын құра отырып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді кіруде..............
II. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасының өсуі...
III. Қазақстандық дамудың жаңа кезеңі – жан-жақты жаңғыртуды жеделдету IV. Бәсекеге қабілеттілік – Қазақстанның әлемдік экономика мен қоғамдастыққа табысты ықпалдасуының кілті
V. Жаңа кезеңнің негізгі міндеттері
VI. Қазақстандық патриотизм мен саяси ерік – жаңа Қазақстанды құрудың маңызды факторлары  

I.«Қазақстан-2030» Стратегиясының 10-жылдығы – Қазақстан экономика мен өзінің мемлекеттігінің берік іргетасын құра отырып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді кіруде
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы күннен бастап Сіздер мен біздер барлық қажыр-жігерімізді жұмсап, еңсесін асқақтатқан Жаңа Қазақстан барған сайын нық сеніммен алға басып келеді. Дамудың өзі таңдаған даңғылына түскен еліміздің атағы шартарапқа таралып, әлемдік қоғамдастықтың алдындағы абыройы да жылдан жылға артып отыр.
Біз экономикамыз бен мемлекеттігіміздің берік іргетасын қаладық. Енді бүгін Қазақстанның алдағы дамуы, кемел келешегі экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік тұрғыда жан-жақты сараланып, түбегейлі жаңа кезеңге батыл қадам бастық.
Бүгін мен Сіздерге еліміздің және қоғамымыздың алдағы дамуы жайындағы пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік берері сөзсіз.
Әңгіме еліміздің әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатына қарай жасайтын қарышты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған еді.
1997 жылы Сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының Стратегиясын қолдадыңыздар, онда біздің қоғамымыздың кемел келешегі мен мемлекетіміздің ұлық мұраты баяндалғаны мәлім.
Бұл әлі де толыққанды даму жолына түсіп үлгермеген жас тәуелсіз мемлекеттің ұлы таңдауы болатын. Сол кезде осы Стратегия турасында талай күмән-күдіктің болғаны да маған белгілі.
Сол заманда еңсемізді толып жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемалардың зілбатпан ауыртпалығы басып, қолымызда егеменді даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжірибесі ғана болғанын өздеріңіз білесіздер.
Сонда, осыдан он жыл бұрын, жасаған таңдауымызда біз жаңылысқан жоқпыз.
Дәл осы уақыттан бастап, Қазақстан нарық экономикасы теоремасы мен демократиялық даму ақиқаттарының тар жол, тайғақ кешулерінен тайсалмай өтіп, алған бағытынан таймай алға басты.
Біз мүлде жаңа экономикалық жүйенің, демократиялық құқылық мемлекеттің іргетасын нық қалап, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайтып, өмірдің сапасы мен ұстындарын да өзгерте білдік.
Біз ішкі тұрақтылыққа, дамудың әлеуметтік іргесінің беріктігіне қол жеткізіп, өңірдегі ең еңселі экономиканы сомдадық. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың өңірдегі геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді мүлтіксіз атқаратын толық құқылы әрі жауапты мүшесінің тұғырына көтерілді.
Біз үшінші деңгейлі мемлекеттердің қалпында қалғанымыз жоқ. Өткен он жыл ішіндегі жұмысымыздың ең басты нәтижесі де, міне, осы.
Ендігі жерде алдағы он жылдықта атқаруға тиіс жұмысымызды айқындап берейін.
II. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасының өсуі
Біз екі мыңыншы жылға қарағанда жалпы ішкі өнімді еселеу жөніндегі міндетімізді келесі жылдың өзінде-ақ іске асыра аламыз. Бұл көздеген мақсатымыз да, экономикалық өсудің көлденең тартар көрсеткіші де емес, бұл - қазақстандықтардың тұрмысын жақсарта берудің қолымызда бар нақты мүмкіндігі.
Өткен жылдары, оны өздеріңіз де білесіздер, біз өміріміздің сапасын айтарлықтай жақсарта түскен көптеген аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шеше білдік.
Біз жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің стипендияларын өсірдік, оларға білім алу гранттары мен кредиттер бердік. Бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үнемі көтеріп келеміз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа толмаған балалары үшін ай сайынғы жәрдемақылар, ал көп балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төлеудеміз. Балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір зәру топтарын дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде.
Жыл сайын зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері де үстеме арттырылып келеді. Бұрынғы еңбек өтіліне байланысты зейнетақылық төлемдерді сараланған түрде өсіру жүзеге асырылды. Бұл бір миллионнан астам адамды қамтыды. Сонымен қатар әлді құрылымдар ардагерлерінің зейнетақылары көбейтілді. Барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер уақтылы – тиісті айында төленіп келеді.
Бұрын уәде бергеніміздей, экономиканың тұрақты дамуы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартқан үстіне жақсарта беруге жағдай туғызады. Бұл – біздің саясатымыздың әлеуметтік жемісі.
Мен бүгінгі күні Үкіметке халқымыздың әл-ауқатын жақсарта беру жолындағы жұмысты ары қарай жалғастыра беруді тапсырамын.
Бұл үшін:
Біріншіден, ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша маңыз бере отырып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 34 740 теңгеге дейін немесе 2 есе арттырылсын.
Баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақы:
Тұңғыш бала туғанда - 5790 теңгеге дейін немесе 177 пайызға; екінші бала туғанда - 6369 теңгеге дейін немесе 167 пайызға; үшінші бала туғанда - 6948 теңгеге дейін немесе 159 пайызға; төрт және одан да көп бала туғанда - 7527 теңгеге дейін немесе 153 пайызға көбейтілсін.
Балалы отбасыларын қолдауға қажетті қосымша қаражат 9,5 миллиард теңгені құрайды.
Осыдан бұрын қолданылған шаралар еліміз халқының тұрақты өсуіне жағдай жасады.
Егер 2000 жылы 220 мың сәби дүниеге келсе, 2006 жылы олардың саны 290 мыңға жетті. Тек 2005 жылы ғана тұрақты халық өсімі жарық дүние есігін ашқан сәбилер есебінен 121 мың адамды құрады.
Ендігі жерде аталған шараларды іске асыру бұдан да сындарлы демографиялық ілгерілеуге жеткізеріне сенімдімін.
Екіншіден, жұмыс істейтін әйелдердің жүктілігін, босануы мен аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілсін. Бұл ретте декреттік демалыста және бір жасқа толғанға дейін нәресте күтімі жөніндегі демалыста жүрген кезінде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргізіле беруге тиіс.
Бұл жәрдемақыларды төлеу әлеуметтік салықты қайта бөлу есебінен құралған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұған мемлекеттік бюджеттен қосымша 9,2 миллиард теңге бөлу талап етіледі.
Үшіншіден, іргелік зейнетақының мөлшері ұлғайтылсын және таяудағы жылдары оның тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің 40 пайызы деңгейінде сақталуы қамтамасыз етілсін. Демек, біз алғаш рет қазақстандық зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін халықаралық стандарттар деңгейіне сәйкестендірдік.
Мұның өзі 1 миллион 675 мың іргелік зейнетақы алушыларды қамтиды, әрі оның мөлшері 2008 жылы шамамен бір мың теңгеге немесе 35 пайыздан аса артады. Ең төменгі зейнетақылық төлемдер (іргелік пен ең төменгі ортақ зейнетақы) 2008 жылы шамамен 1500 теңгеге немесе 15 пайызға көбейеді.
Төртіншіден, зейнетақының мөлшерін бұрынғы еңбек өтіліне сүйеніп анықтаған кезде әділдік орнату үшін зейнеттік заңнамада көзделген зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табысты шектеу өзгертілсін, ол 15 мәрте айлық есептік көрсеткіштен 25 мәртеге дейін арттырылсын.
Зейнетақыларды есептеу үшін алынған табыстарды заңнамалық шектеу салдарынан бұрын зейнетақылары кеміген жарты миллионға жуық (483 мың адам) өздерінің зейнетақыларына әжептәуір үстеме алады.
Ортақ зейнетақының орташа мөлшері 13 604 теңгеге немесе 25 пайыз артады. Ортақ зейнетақылар 2008 жылы 21285 теңгеге дейін немесе 76 пайыз өседі.
Бесіншіден, зейнетақы төлемдерін сатып алу қабілетін тұрақтандыру үшін зейнетақы төлемдерін индекстеу сақталсын және ол тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі пайыз арттырыла жүзеге асырылсын.
Аталған шараларды жүргізуге жұмсалатын қаражаттың жалпы қажеттілігі 55,3 миллиард теңгені құрайды.
Алтыншыдан, бюджет саласындағы жалақы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 пайыз арттырылды. Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыра беру қажет.
Жетіншіден, олардың мәртебесін арттыру, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салаларда кадрлар тарту мен кадрлық әлеуетті нығайту үшін 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бір айлық лауазымдық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төлеу енгізілсін.
2008 жылы ғана бұл бюджетке 30,6 милииард теңгеге түседі.
Сегізіншіден, алдыңғы жылдары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында өтілін өткерген адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жайында талай рет мәселе көтерілген еді.
Кәсіпорындар жұмысшыларымен кездескен кездерімде де бұл мәселе менің алдыма қойылды. Мен оларды түсінемін. Өзім бастан кешкен жағдай. Бұрын біз мәселені №1 Тізім бойынша шешіп келдік. Ендігі жерде № 2 Тізім бойынша шешу керек. Мұндай қазақстандықтар саны бізде шамамен 28 мыңдай адам. Менің ойымша, қазіргі кезде осы проблеманы шешуге біздің қайтып оралуға нақты мүмкіндігіміз бар.
Біз аталған санат үшін сегіз айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде арнайы жәрдемақылар енгізе аламыз. Бұған жыл сайын үш миллиардтан аса теңге қажет болады. Осындай қаражат тауып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап №2 Тізім бойынша арнайы жәрдемақылардың төленуін қамтамасыз ету қажет.
Сайып келгенде, мен атап берген барлық әлеуметтік төлемдерді көбейтуге жұмсалатын қаражатқа қажеттілік 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда мемлекеттің қазақстандықтарды әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту үшін осындай үлкен қаражат жұмсауға мүмкіндігі бар. Ендеше біз бұл мүмкіндікті пайдаланатын боламыз.
Тоғызыншыдан, үш жылдың ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана салуды, әрі оларды еліміздің нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған аудандарында салуды тапсырамын. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды біз стратегиялық міндет дәрежесіне көтеруіміз керек.
Мен мемлекеттік–жеке меншік серіктестігінің көмегімен әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыру қажеттігіне жеттік деген ойдамын.
III. Қазақстандық дамудың жаңа кезеңі – жан-жақты жаңғыртуды жеделдету
«Қазақстан – 2030» Стратегиясын дәйектілікпен іске асыру өзіміздің алдағы ілгерілеуіміз үшін берік негіз қалады. Біздің бұрынғыдан да қуатты серпінмен алға басуымыз үшін барлық негіз бар, біз мұндай тарихи мүмкіндікті уысымыздан шығармайтын боламыз.
Сол үшін де Қазақстанды жеделдете әрі жан-жақты жаңарту жолы таңдап алынды.
Бұл – біздің бұдан былайғы жылжуымыздың бірден-бір дұрыс бағыты.
Біз бүгінгі дүниеде Қазақстан мен қазақстандықтардың лайықты орын алуын, еліміздің бүкіл халқының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс деңгейін едәуір көтеруді қамтамасыз ету үшін сыртқы нарықтарға шығып, онда мықтап орнығуға міндеттіміз.
Бұл жолда Қазақстан мен осы өңірдің нақты жағдайын ескеріп, әрі әлемнің озық мемлекеттерінің жетістіктерін өзімізде іске асыра отырып, біздің:
біріншіден, қандай да бір табыстарға қолымыз жеткен секторларды жаңарту қарқынын жеделдете түсуіміз қажет.
екіншіден, жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік өмірінің барлық салаларына тарату керек.
IV. Бәсекеге қабілеттілік – Қазақстанның әлемдік экономика мен қоғамдастыққа табысты ықпалдасуының кілті
Сондықтан да өткен жылдың өзінде біз жалпы қазақстандық жобамызды тұжырымдап, оны іске асыруды қолға алған болатынбыз.
Мұның өзі біздің әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті елу елінің қауымдастығына қарай жедел қарқынмен жылжуымызды және оның тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның тұғырнамасын нығайтуды көздейді.
Әлбетте, мұның қажетті шарты – Қазақстан тауарлары мен көрсететін қызметін озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейіне шығару.
Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз салмақты және салихалы тұрғыда экономиканың барлық деңгейлеріндегі – бүгінгі әрі ықтимал келешектегі өзіміздің нақты және кемел бәсекелестік артықшылықтарымызды анықтап, пайдалана білуіміз керек.
Жүйелілік – біздің бүгінгі дүниедегі алдағы он жылдықта жедел алға жылжуымыздың басты қағидасы, міне, осы.
Бұл үшін бізде барлық алғышарттар бар. Иелігімізде орасан зор аумақ бар, ұтымды географиялық және коммуникациялық-көліктік орналасуымызды алыңыз, оған табиғи ресурстарымыздың молдығын қосыңыз.
Біз өңірлік экономикада алдыңғы шептерге шықтық, халықаралық әріптестерімізбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтік–экономикалық тұрақтылыққа қол жеткіздік.
V. Жаңа кезеңнің негізгі міндеттері
Қазақстанның әлемдегі тауарлар, көрсетілетін қызмет, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар нарықтарының шын мәнінде ажырағысыз серпінді бөлігіне айналуы үшін біз он басты міндетті шешуіміз керек.
Бірінші міндет – экономиканың тұрлаулы дамуын қамтамасыз етіп, ұстап тұрумен ғана шектеліп қалмай, оның өсуін басқаруға қол жеткізу.
Бізге экономиканың бәсекеге қабілеттілігін тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету үшін толымды стратегия әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ оның орындалуына қатаң бақылау орнату қажет болады.
Бұл стратегия біздің экономикамыздың жекелеген секторлары мен өндірістерінің нақтылы бәсекелестік артықшылықтарына негізделуге және әлемдік дамудың үрдістері мен сыртқы нарықтардағы сұранысты ескеруге тиіс.
Біз ендігі жерде «қолымыз жеткен» экономикалық өсуді пайдаланумен шектелмей, осы өсуді шындап басқаруды меңгеруге үйренуіміз, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі экономикалық дамуға ұластыруымыз керек.
Біз Қазақстанды индустриаландыруға халықаралық нарықтардың талаптары мен шарттарына сай келетіндей түбегейлі жаңа тұрғыдан келуді қамтамасыз етуіміз керек.
Аса ірі монополистерді қайта құрылымдау мен бәсекелестік қатынастарды дамыту есебінен біздің табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.
Экономиканың табиғи монополиялар сақталып отырған секторларында салалық реттегіштердің көмегімен тарифтік және техникалық реттеу жөнінде елеулі жұмыс жүргізу міндеті де алдымызда тұр.
ЫРЫҚТАНДЫРУ ЖАҒДАЙЫНДА БІЗ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ТҰРЛАУЛЫЛЫҒЫ МЕН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІНЕ
 
КӨТЕРІЛУГЕ МІНДЕТТІМІЗ.
Біздің тиімді жұмыс істейтін қор нарығын құруымыз керек. Халықтың бағалы қағаздардағы өздерінің жинақтарын инвестициялауға белсенді қатысуын қамтамасыз етпейінше, оны ойдағыдай дамыту мүмкін емес.
Үкіметтің халықты инвестициялық сауаттылық әліппесіне үйрету жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізуі шарт.
Қазақстанның қолайлы шарттармен БСҰ-ға кіруі жөніндегі мақсатымызға біздің міндетті түрде жетуіміз парыз.
Біз халықаралық техникалық стандарттарды барлық жерлерде де жеделдете әрі ауқымды енгізуге міндеттіміз.
Менің Үкіметке беретін ең басты тапсырмам осы. Оны мүлтіксіз орындау – Үкіметтің тікелей міндеті және қоғам алдындағы парызы.
Екінші міндет - өңірлік экономикада сапалық жаңа табыстарға жету және жаһандық экономикаға толық құқылы қатысуды қамтамасыз ету.
Біздің Қазақстанды экономикалық дамудың «өңірлік локомотивіне» айналдыра алатын да, оны әлемдік экономиканың оңтайлы «ойыншысы» етіп сомдайтын да мүмкіндігіміз бар.
Біздің қолымызда әлемдік шаруашылық жүйесінде нақтылы қазақстандық плацдармдарды іздестіру мен игеру, шетелдік серіктестермен ірі озық жобаларға қатысу, сондай-ақ біздің экономикамызға қатысушыларды жан-жақты әрі қалтқысыз қолдау, соның ішінде, оларға сапалы инфрақұрылымдық қызмет көрсету арқылы қолдау жөнінде іргелі де ілгергі бағдарлама болғаны жөн.
Бұл ретте назарды негізінен Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий мен Қара теңіз өңірлерінің нарықтарына аударған жөн.
ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ықпалдастық саудадағы басты бағдар болып қала береді. Біз мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одағын құруды ұсынамыз. Оған кіруді біздің көршілерімізге тиімді ету керек.
Қазіргі кезде әлемдік нарықтарда біздің тауарларымызға, көрсететін қызметімізге, озық идеяларымызға, ондай да үмітім бар, арналған жаңа «тауашалар» тауып, жеке меншік бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін топтастыру мәселесі бұрын-соңды мұншалықты өткір қойылған емес.
Бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруда мемхолдингтердің рөлі мен орнын айқын анықтап алудың маңызы зор.
Бұл міндетті мемхолдингтердің өздерін тікелей қатыстыра отырып, шешу жауапкершілігін Үкіметке жүктеймін.
Үшінші міндет - өндіруші сектордың тиімділігін арттыру.
Біз алдағы уақытта да байсалды әрі өзара тиімді экономикалық саясат жүргізу ниетіндеміз.
Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетел мен жергілікті инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланастыру және жаңа келешегі мол өндірістер құру жөніндегі аса маңызды міндеттерді осы арнада шешу қажет.
Біз Қазақстанның аса бай жер қойнауын игеріп жатқан шетелдік әріптестерімізді елдің мүддесіне қарай бетбұрыс жасап, біздің экономикамызды әртараптандыруға белсене қатысуға, әлбетте, нарықтық негізде қатысуға өктем тұрғыда шақыра аламыз.
Үкіметке осы орайда тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын.
Бұл мәселеде алдымыздан шыққан компаниялардың біздің қолдауымызға ие болары айтпаса да түсінікті. Өйткені біз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық мүддесін басшылыққа аламыз.
Бұл орайда біз Қазақстан энергия ресурстарын беріп отырған көршілеріміз бен халықаралық әріптестеріміз мүдделерінің тұрақтылығын, болжамдылығын және ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеміз.
Қазақстанның өңірлік, содан кейінгі жерде әлемдік экономикалық кеңістіктегі тұғырларын одан әрі нығайтудың толымды стратегиясын әзірлейтін уақыт жетті.
Өзіміздің энергетикамыз бен мұнай-химия саласын дамытуымыздың басты мәселесі – энергия өнімдерінің қосылған құнын ұлғайту арқылы бұл секторлардың тиімділігін көтеру. Мұнай-химия, газ ресурстары, экспорттық энергия арналары сияқты секторларды басқару барынша тиімді болуға тиіс.
Әлбетте, бұл нарыққа қатысушылардың бәріне қойылатын, бірақ, ең алдымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен «Самұрық» мемхолдингіне қойылатын талаптар.
Төртінші міндет - өндірістің шикізаттық емес секторының дамуын, экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету өте-мөте маңызды.
Үкіметтің экономиканың басымдықты шикізаттық емес секторларында инвестициялық «ұшқыр» жобаларды іске асыру жөніндегі өзінің бас стратегиясы болуы керек.
Жаңа экономикалық жағдай мен басымдықтарды ескере отырып, Дамудың индустриалдық-инновациялық стратегиясын іске асырудың тиімділігіне баға беретін уақыт жетті. Сондай-ақ индустриалдық әртараптандыру жоспарларын қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды да тұжырымдау қажет. Жекелеген жобаларды алғашқы қаржыландыруды әртараптандыруды ауқымды қаржыландыруға қадам басатын сәт туды.
Бұл - Үкіметтің, әкімдердің, мемхолдингтердің жауапкершігіндегі мәселе, бұған шағын және орта бизнес те белсене қатысуға тиіс.
Бесінші міндет - өңірлік және жаһандық экономикадағы өзіміздің жаңа рөлімізге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту.
Біз стратегиялық инфрақұрылымның даму келешегін айқын пайымдай білуіміз және, ең алдымен, отандық инфрақұрылымдық қызметті тұтынушы компанияларымыздың бәсекелестігін, сондай-ақ өзіміздің халықаралық экономикалық ықпалдастығымыздың мүдделерін ескере отырып, осы саладағы басқарудың сапасын едәуір арттыруымыз керек.
Сонымен қатар экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтырын айқындап алып, олардың дамуын еліміз экономикасының ортақ мүддесіне бағындыруымыз керек.
Біздің өскелең экономикамызда электроэнергетикалық ресурстарды дамыту мен басқаруға және Қазақстанда атом энергетикасының негіздерін қалауға түпкілікті жаңа тұрғыдан келу талап етіледі.
Бұл - өңірлер әкімдерінің, Индустрия және сауда, Көлік және коммуникация, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Энергетика және минералдық ресурстар, сондай-ақ мемхолдингтердің жауапкершілігіндегі мәселе.
Алтыншы міндет – осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, «парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту.
Білім беру реформасының ойдағыдай жүргізілуінің басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің әрбір азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу.
Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жолға қоюға тиістіміз.
Біздің халықаралық стандарттар деңгейінде оқу орындарын тіркеу мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасауымыз керек.
Жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымдарды басымдықпен дамыту – бұл дамуымыздың жаңа кезеңінің міндетті шарты.
Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бірыңғай саясат жүргізетін боламыз.
Әлемдік шаруашылық байланыстарына батыл кіріккен барлық осы заманғы байқуатты мемлекеттер «парасатты экономикаға» сүйенген болатын. Ондай экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами қазынамызды еселегеніміз парыз.
Ендігі жерде бұл - өзіміздің ортақ қазақстандық жобамызға қатысушылардың баршасының, алайда, ең алдымен, Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ Индустрия және сауда министрлігінің жауапкершілігіндегі мәселе.
Жетінші міндет – атаулы әлеуметтік қолдау және әлеуметтік саланы нарық қағидаттары негізінде дамыту.
Біз шын мәнісінде зәру адамдарға атаулы қолдау көрсету жөніндегі саясатымызды жалғастыра береміз, бірақ оны нақты нарықтық қағидаттар негізінде шешеміз, бұлар:
қол жететін тұрғын үй сатып алу мен жылжымайтын мүлік нарығын дамыту. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру негізінде екі жылда 11 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы іске қосылды. Үстіміздегі 2007 жылы 7 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынады. Бағдарлама негізінде 3 жылдың ішінде 160 мың отбасы мен жарты миллионнан астам қазақстандық қоныс тойын тойлайды. Мемлекеттік бағдарлама 30 пайыздық ілгерлеумен іске асырылуда;
медициналық қызметтің сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту;
жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру және жұмыс орындарын жасақтау.
Бұл үшін мемлекет, ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі жауапты.
Сонымен қатар Үкіметке Астананың әкімдігімен бірлесіп, еліміздің бас қаласында тұрғын үй құрылыс жинақтаулары жүйесі арқылы бюджет саласының қызметкерлері үшін жедел қарқынмен тұрғын үйлер салу мәселесін пысықтап, қолға алуды тапсырамын. Бұл елордамызда медициналық және білім беру кластерлерін құруда кәсіби мамандармен қамтамасыз ету үшін қажет.
Сегізінші міндет – дамуымыздың жаңа кезеңінің ығытына сәйкес саяси жүйемізді жаңарту.
2007 жылы біз жүйелі демократиялық реформалардың келесі кезеңін жүзеге асыруға кірісеміз.
Демократиялық реформалар бағдарламаларын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі мемкомиссия саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылардың ұсыныстарын, еліміз азаматтарының пікірлерін қорыта келіп, мемлекеттегі алдағы саяси жаңғыртулар жайында нақты ұсыныстар дайындады.
Маңыздысы сол, бұл ұсыныстар бөтен тәжірибені көшіру де, бағзы теорияларды қайталау да емес. Олар біздің қоғамымыздың қажетін ізерлеп, Қазақстанның нақты жағдайын екшейді. Бізде саяси реформалардың өзімізге лайық үлгісі, саяси көшіміздің өзіндік «қазақстандық жолы» қалыптасу үстінде.
Оның ерекшеліктері мен етене белгілері – президенттік басқару жүйесін сақтап қалу, реформалардың кезеңдестігі, қабылданған шешімдердің екшенділігі, ортақ ұлттық үндесу және негізгі саяси күштердің топтасуы.
Келіп түскен ұсыныстардың құқықтық ресімделуін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде іске кіріскен заңгерлер еліміздің Конституциясына да, сондай-ақ жекелеген заңдарына да өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуде.
Тұтас алғанда, демократиялық реформалардың алдағы аралығы мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі.
Біріншіден, бұл Парламенттің өкілеттігін кеңейту.
Парламенттің Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін қалыптастырудағы, сондай-ақ, негізінен алғанда, бюджетті бекіту мен атқарылуын бақылаудағы өкілеттіктері ұлғайтылады. Сонымен қатар оның Үкіметті жасақтаудағы рөлі күшейтіледі.
Екіншіден, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған шаралар қолданылады. Партиялық фракциялардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.
Біз Мәжілісті сайлау кезіндегі партиялық тізімді кеңейту туралы мәселені де қараудамыз.
Үшіншіден, реформалардың аса маңызды бағыттарының бірі – сот-құқық жүйесін жетілдіру. Биылдан бастап біз алқа билер сотын енгіземіз. Тұтқындауға құзырлық жасауды соттардың қолына табыстау мәселесі де қаралады. Біз біртіндеп осы заманғы ашық үлгіде сот жүргізуге де көшеміз.
Төртіншіден, жергілікті өкілді органдарды дамыту. Біз мәслихаттарды да күшейтеміз, олардың қолына қосымша өкілеттіктер беретін боламыз. Мәслихаттардың тексеру комиссияларын нығайтамыз.
Уақыт өте келе аудандық мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару негізіне айналуы мүмкін.
Саяси жаңғырулардың біз көздейтін басты мақсаты – биліктің қоғам мен мемлекетті басқарудың барынша ұтымды жүйесін сомдайтын, сонымен бір мезгілде еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау мен азаматтарымыздың барлық конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін осы заманғы демократиялық нысанына қарай жылжу.
Қуатты мемлекеттік билік пен демократия - бір-бірін қолдаушы күш. Демократия тек заңдылықтар қатаң сақталған елдерде ғана тұрақты түрде дамиды.
Мен Парламентті, Үкіметті және азаматтық қоғамның барлық институттарын осы міндетті шешуге шақырамын.
Тоғызыншы міндет – халықаралық іс-тәжірибені ескеріп, әкімшілік реформаны жеделдете жүргізу.
Біз мемлекеттік басқарудың корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілігі қағидаттарын арқау ететін сапалық жаңа үлгісін түзудеміз.
Біздің нысанамыз – Үкіметті жетілдіру, жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет пен тиімді басқару жүйесін жасақтау.
Олар болса, мемлекет көрсететін қызметтің басты тұтынушылары – барлық азаматтар мен бизнестің тікелей талаптарына бағынуға тиіс.
Осы міндетті шешудің тікелей жауапкершілігін толығымен Үкіметке жүктеймін.
Оныншы міндет – жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңірі мен әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін алға жылжыту.
Бүгін біз басқа елдермен көкейкесті проблемалардың кең ауқымын шешуде ынтымақтасып отырмыз.
Бұлар: энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өміршең маңызы бар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, терроризмге қарсы күрес, індеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күрес.
Біз алдағы уақытта да өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі өзіміздің рөліміз бен беделімізді нығайта беретін боламыз.
Бұл – барлық саяси, экономикалық және қоғамдық басшылардың, алайда, ең алдымен, біздің сыртқы саяси идараның жауапкершілігі.

Толығырақ...


логин :    
 
пароль :    
 
     
Тіркелу | Парольді еске салу?
Социологиялық сауалнама
Жақын арада ШҚО аумағынан көшуді жоспарлап отырсыз ба?

Иә, басқа облысқа
Иә, Ресейге
Иә, алыс шетелге
Жоқ, жоспарымда жоқ
 
Ақпараттық банерлер
Послания Президента РК
20-летие Независимости Казахстана
X Жастар форумы
Официальный сайт Президента РК
Сайт электронного Правительства РК
Официальный сайт Акима Восточно-Казахстанской области
Отчеты Управления внутренней политики ВКО
Социологические исследования
Жемқорлық тоқта
ЕВРАЗЭС
Если вы потеряли работу
Учись управлять своими деньгами
В помощь PRопагандисту
Новая индустриализация
Әлеуметтік тапсырыс
С дипломом в село