Құрметті депутаттар!
Бүгінгі баяндамамның тікелей мақсатына көшпес бұрын, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттар корпусын үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл және 2007 жылғы желтоқсанда сіздер бекіткен 2008-2009 жылдарға арналған «Шығыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдарын қолдау» атты кезекті өңірлік бағдарламаның маңыздылығына түсіністік танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
Барлығымызға белгілі, қоғамдық ұйымдар қай уақытта, қандай кезеңдерде болмасын аса қажет және өзекті мәселелердің бірі болған. Бүгінгі таңда үкіметтік емес сектор – құқықтық демократиялық мемлекеттің міндетті атрибуттарының бірі болып отыр. Үкіметтік емес ұйым қызметтерін одан ары дамыту және кеңейту мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының кепілі және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы пәрменді тетігі болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік сала және қоғамды одан ары дамыту бағытындағы маңызды рөлін ерекше атап, мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектор арасында серіктестік қатынастарды дамыту қажеттілігі талабын үнемі назарында ұстайды.
Облысымыз республикада үкіметтік емес ұйым саны жағынан үшінші орынға ие. Облыстық әділет департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін біздің облысымызда 553 қоғамдық бірлестік тіркелген (саяси партия, кәсіп одақтар мен діни бірлестіктерді қоспағанда). Оның 217 Өскеменде, 151 Семейде болса, 32 Риддер қаласында.Үкіметтік емес ұйымдардың саны жағынан аудандар арасында Зырян ауданы алдыңғы қатарда келеді. Аталған ауданда 7 қоғамдық бірлестік тіркелген. Одан кейінгі орында 6 қоғамдық бірлестік тіркелген Шемонаиха ауданы, өзге аудандарда 1-ден 4-ке дейін.
Бұл жергілікті атқарушы органдар қызметіне, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдарға ұйымдастырушылық, ақпараттық, әдістемелік және қаржылай көмек көрсете отырып, жергілікті бірлестіктер проблемаларын шешуге айрықша жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы алғашқылардың бірі болып «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң қабылданғанға дейін тәжірибеге үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын қолдауды енгізген болатын. Әлеуметтік маңызды жобалар алғашқы рет облысымызда конкурстық негізде 2003 жылы іске асырылды.
Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру бойынша мол тәжірибе жинақталды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаржылық мәселе ретінде ғана емес, сондай-ақ саяси сұрақ ретінде де қарастырылады. Мемлекеттік тапсырыс жүйесін дамыта отырып, оны өзара міндеттеме және жауапкершілікке құрамыз. Ұтымды серіктестік жүйесінің негізін қалай отырып, заң принциптерін сақтауды қамтамасыз етуге, азаматтарды әлеуметтік мәселелердің шешіміне қатыстыруға, Шығыс Қазақстан облысында жүргізілетін ішкі саясат мүдделі болып отырған бюджет қаржысын жұмсау процесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жариялығы мен айқындығына тырысамыз.
Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру мақсатымен 2006 жылы Ішкі саясат департаменті үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың 2006-2007 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын әзірледі. Атаулы бағдарлама ІІІ шақырылған мәслихат депутаттарының тарапынан қолдауға ие болып, бағдарламаның бюджеті – 32,65 млн. теңгені құрады. Оның 25 млн. теңгесі (75 % астамы) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты құруға қарастырылған болатын.
Бағдарламаның қабылдануы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасын кеңейтуге оңтайлы жағдай жасады. Бағдарламаны жүзеге асыруға облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері, департаменттер мен басқармалары жұмылдырылды. Аталған ұйымдардың қызметкерлері үшін Ішкі саясат департаментінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде оқыту семинар-тренингтері өткізіліп, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша ақпараттық-әдістемелік оқулықтар басып шығарылды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тәжірибесін Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Жарма, Зайсан, Зырян, Тарбағатай және Шемонаиха аудандарының әкімдіктері меңгерді.
Үкіметтік емес ұйымдармен серіктестікте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменттері, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармалары мен басқа да мемлекеттік органдар жұмыс істей бастады.
2007 жылы облыстық денсаулық сақтау департаментінің алғашқы бастамасымен салауатты өмір салтын насихаттау және қауіп-қатерге тәуекел топтармен жұмыс жасау жобаларын іске асыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қаржыландырды.
Ішкі саясат департаменті үкіметтік емес ұйымдар қызметін талдау және мониторингілеуге де басым көңіл бөледі. Аталған бағытты жүзеге асыруға облыстық жетекші талдау құрылымдары тартылады, олардың қатарында ШҚО талдау және болжау институты, Коновалов атындағы әлеуметтік орталық, «Зубр» консалтинг-орталығы және басқа ұйымдар бар. 2007 жылы ішкі саясат департаментінің тапсырысымен Семей қаласының тұрғындары арасында әлеуметтік сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қала халқының үкіметтік емес ұйымдарға қатынасы анықталды, ең беделді қоғамдық ұйымдардың рейтингі белгілі болды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың тәуелсіз мониторингі үшін «ШҚО азаматтық Альянсы» және «Зубр» консалтинг-орталығы тартылды.
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бөлінетін бюджет қаржысын мақсатты және тиімді пайдалану мақсатында, облыстың жетекші үкіметтік емес ұйымдар қатарымен бірлесе отырып жұмыс істеу барысында, Ішкі саясат департаменті мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мақсатына жету шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бағалау және мониторингілеу белгілері әзірленді. Осы ұсынымдарды мүдделі құрылымдар жұмысында пайдалануға болады.
Бұдан басқа, Ішкі саясат департаменті мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік проблемалар шешімінің үйлесімді үлгісін құрастыру үшін орындалған әлеуметтік маңызды жобалардың үздік тәжірибелерін зерттеп, жинақтайды.
Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде өзге мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік қарым-қатынасты және өзара әрекетті орнатуға қол жетті. Ал үкіметтік емес ұйымдар жергілікті билік органдарының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық мәнді мәселелер мен міндеттерді шешуге ынтасын түсінеді, әрі қуаттайды.
Бағдарламаны жүзеге асыру үндесудің жаңа үлгілеріне жан берді десек те болады. Ең сәтті үндесу алаңқайлары қатарында: облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, жастар ісі жөніндегі кеңес, үнемі жұмыс істейтін «Сұхбат-Диалог» «дөңгелек үстелі», үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумы және басқалары бар.
Аймағымыздың үкіметтік емес ұйымдары жоба қызметімен шектеліп қалмай, өңірлік бағдарламаларды әзірлеуге, оларды іске асыруға көмектеседі. Соңғысының айқын көрінісі Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша облыстық шаралар жоспарын әзірлеу болып табылады. Бұған барлық азаматтық қоғам институттары, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
2008-2009 жылдарға арналған «Шығыс Қазақстан облысының жастары» облыстық бағдарламасының жоспары 2007 жылдың жазында Қазақстан жастары Конгресі және студенттер Альянсы күнінде озат жастардың қатысуымен талқыға түсті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Біздің бағдарлама республикалық деңгейде де жоғары бағаланды. Мәселен, Қазақстан Республикасының ІІІ Азаматтық форумындағы «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу және мемлекет пен қоғамды жеделдете жаңғырту жағдайында Қазақстанда үкіметтік емес ұйым секторын дамытудың жай-күйі мен келешегі» атты ұлттық баяндамада мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы көлемі жағынан елімізде 4-ші орынға ие екендігі айтылды.
Аталмыш баяндамада Шығыс Қазақстан облысының консультативтік-кеңесші органдарының қызметін ұйымдастыру бойынша оңды тәжірибесі жайлы айтылды, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңестің жұмысы да атап өтілді. Сонымен қатар облыстық Азаматтық Альянстың қызметіне жоғары баға берілді. Бұл Альянс бағдарламаны жүзеге асыру арқасында құрылған болатын.
2006 жылғы қыркүйек айында облыстың бірінші Азаматтық форумында атаулы бірлестіктің ресми құрылғандығы жарияланды. Оның құрылтайшылары облысымыздың 19 жетекші үкіметтік емес ұйымдары болды. Қазіргі уақытта Альянс мүшелері 40-тан астам.
Альянстың міндеті – облыстың үкіметтік емес ұйымдарын біріктіру, бірыңғай жұмыс стратегиясын әзірлеу, аймақтық және республикалық деңгейде әртүрлі мақсатты топтардың мүдделерін таныту болып табылады.
Осылайша, облыстың мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының арасындағы серіктестік қарым-қатынас жүйесін тұрақты және тиімді құруға бағытталған 2006-2007 жылдарға арналған үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жөніндегі аймақтық бағдарламаның міндеті толығымен орындалды.
2008-2009 жылдарға арналған кезекті бағдарламада біздің алдымызда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл жүйесін ары қарай жетілдіру, оларға жергілікті билік органдарының тарапынан шынайы экономикалық, әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсету міндеті тұр.
Назарларыңызға рахмет!