
Шығыс Қазақстан облысы
тұрғындарының 66,1 пайызы өңірде қалыптасқан этносаралық
қарым-қатынастың тұрақты екенін айтады. Тұрғындардың ойынша бұған
халықтың тыныштық пен бейбіт өмірді сақтап қалуға ұмтылысы әсер ететін
көрінеді. 108 этнос өкілдері мекен ететін Шығыс Қазақстан облысы
тұрғындарының 45,4 пайызы өзге ұлт өкілдеріне жағымды көзқарас
танытады.
Бұл «Этносаралық және конфессияаралық келісімді
қамтамасыз ету – қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау кепілі» тақырыбында
өткізілген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы Қоғамдық кеңестің
отырысында жарияланған әлеуметтік зерттеу қорытындылары. ШҚО талдау
және болжау институты жүргізген зерттеуінің нәтижелерін Институт
директоры, Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті
Мәжілісі жанындағы қоғамдық палата мүшесі Олег Чернышов ұсынды.
Қатысушылардың ойын бір жерден шығарған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дің
философия кафедрасын меңгеруші Нелли Краснобаева айтылған тұжырымдарды
қолдай келе, ұлтаралық келісім саласында кейбір проблемалардың бар
екенін айшықтап, Қоғамдық кеңес осы мәселелерді әрі қарай қарастыруы
керектігі жайлы ұсынысын білдірді.
Отырыста ортаға
салынған ойлардың шынтуайтқа сай екендігін отырысқа қатысқан астаналық
қонақтар да мойындап, өз ойларын ортаға салды. Қазақстан
гуманитарлы-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті, саяси
ғылымдар кандидаты, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов ұлтаралық,
дінаралық шиеленіс пен шыдамсыздықты ішкі болмысында толымсыздық
комплексі бар жандар тудыратынын айтып, сөздерін дәлелмен дәйектеді.
Ал ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі
Айжан Шайназарова бұл проблемаға адамдардың мәдени өресі әсер ететініне
сенім білдірді.
Қатысушылар арасынан осы мәселені ушықтырып
алмас үшін, сөз етудің қажеті шамалы десе, ШҚО ішкі саясат
басқармасының бастығы Альмира Бақтиярова болашақ ұрпақ үшін бұл
мәселені қазірден бастап талқылау қажеттігін айтты. Аға буын өскелең
ұрпаққа нақты идеология, өмірлік ұстаным бола аларлықтай ұранын
табыстауы қажет екені рас. Бұл пікірді Қоғамдық кеңес мүшелері
толығымен қолдады. Сайып келгенде қоғамдық өмірге қызу араласып,
азаматтық ұстанымын білдіріп жүрген әрбір азамат өз ұрпағына лайықты
болашақ қалдыру үшін атсалысып жүр емес пе?