Өткен зерттеулер 2010 ж.
«Бағалар қозғалысы: халықтың қабылдауы»
Мерзімі: 2010 ж. қаңтар-ақпан
Локализация: Шығыс Қазақстан облысы
Іріктеме: 1100 респондент
ҚОРЫТЫНДЫЛАР:
1. Респонденттердің жауаптарына сүйенсек, 2009 жыл бойы облысымызда негізгі категориядағы тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы шығысқазақстандықтардың табысымен салыстырғанда 3,5 есе өскен, бұл олардың сатып алу қабілетін төмендеткені сөзсіз. Баға өсуінің нәтижесінде азаматтардың тамақтану рационында, тауарларды сатып алу және қызметтерді пайдалануында елеулі өзгерістер болды.
2. Тауарлар мен қызметтер бағасының өсу себептерінің арасында «биліктің жұмысы тиімсіз» деген топқа кіретін жауаптар көш бастап тұр. Бұл факт бағаның өсуіне халық жауапкершілікті биліктің мойнына артуға бейім екендігін көрсетеді. Сонымен қатар тауар мен қызмет бағасының өсуін респонденттер әлемдік қаржылық дағдарыспен, алып-сатарлардың тауардың өзіндік құнын өсіруімен, сонымен қатар өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамуының тоқтап тұрғандығымен байланыстырады.
3. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі бағаның бұдан кейінгі де өсуі халықтың жалпы тұрмыс деңгейінің төмендеуіне, сондай-ақ сапасы анағұрлым төмен, бірақ анағұрлым арзан өнімге деген сұраныстың артуына әкеп соғады деп есептейді. Сонымен қатар наразылық көңіл-күйдің ушығу ықтималдығына жол береді.
4. Бағаның өсуі нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі қаражат жинауды қойған, ал респонденттердің 43,6% анағұрлым арзан азық-түлік сатып алуға немесе олардың бірқатарынан мүлдем бас тартуға мәжбүр болып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі «егер олардың тамақтану рационын біршама қысқартуға тура келетін болса», алғашқы қажеттіліктегі тауарлар мен азық-түлік бағасының өсуіне қарсы қандай да бір форма арқылы наразылықтарын білдіруге әзір. Әсіресе, мұндай нарызылықты 2010 жылғы сәуір-мамыр айларында Шемонаиха, Бородулиха, Зырян, Абай, Үржар, Көкпекті, Тарбағатай аудандары мен Семей қаласында күтуге болады. Наразылықтың белсенді формаларының туындауының анағұрлым ықтималдығы Тарбағатай ауданы мен Семей қалаларында қалыптасқан, Шемонаиха және Бородулиха аудандарында одан сәл басыңқы наразылық жағдайы туындап отыр.
5. Халықтың сауалнамаға қатысқан бөлігінің жартысынан көбі ешқандай несиелік міндеттері жоқ, ал несие төлеп отырғандардың арасында көпшілігі 2009 жылдың екінші жартысында несие төлеу анағұрлым қиынға соғып отырғандығын атап көрсеткен, бұл да облыстағы экономикалық жағдайдың нашарлап бара жатқандығын білдіреді.
6. Респонденттердің пікірінше, жергілікті атқарушы билік бағаны тежеу бойынша өз мүмкіндіктерін толық дәрежеде пайдаланып отырған жоқ. Көбінесе шығысқазақстандықтар облыс әкімі Б. М. Сапарбаев пен қалалар мен аудан әкімдерінің бұл бағыттағы әлеуетті мүмкіндіктерін тең деп есептеуге бейім, атап айтқанда, тауардың үстеме бағасын шектеу мен баға саясатын бақылауды жүзеге асырудағы мүмкіндіктері бірдей деп есептейді. Халықтың пікірінше, биліктің нақты істері ерікті бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мен баға саясатын бақылауды жүзеге асыруда айқын көрінеді. Облыс әкімінің, Курчатов қ. Тарбағатай және Бесқарағай аудандары әкімдерінің жұмыстары анағұрлым нәтижелі және елеулі болып отыр. Сонымен қатар Б.М. Сапарбаев қызметінің нәтижелілігін Абай ауданының халқы, Үржар ауданы әкімінің елеулі қызметін жергілікті тұрғындар атап өткен. Ал Көкпекті, Зырян, Аягөз аудандары мен Өскемен қ. тұрғындары жергілікті әкімдердің, Көкпекті, Зырян, Аягөз аудандары мен Риддер қ. тұрғындары облыс әкімінің бағаны тежеу бойынша жұмыстарын нәтижесіз деп есептейді.
7. Респонденттердің үштен бірі облысымыздың барлық салалары мемлекеттік қолдауды қажет етеді деп есептейді. Азаматтар басымды салалар ретінде ауыл шаруашылығын, металлургиялық және тау-кен өндірісі өнеркәсібін атаған.
8. Сауалнамаға қатысқандардың 19,6% пікірінше, шетелдік инвестициялар капиталдың облыс пен елімізден ағылып кетуіне жол береді, ал бұл өңір экономикасының дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. 14,4% шетелдік капитал салымдары облыс экономикасының дамуына жақсы ықпал етеді деп тұжырымдайды. Жауаптардың мұндай әртүрлі болуы шығысқазақстандықтардың арасында шетелдік инвестицияларға жағымсыз көзқарастар бар дегенді білдіреді. Шетелдік инвестициялар облыс экономикасына кері әсерін тигізеді деген пікірдің қалыптасқанына қарамастан, азаматтар бұл капитал салымдарын тарту орынды, атап айтқанда ауыл шаруашылығы, тау-кен және түсті өнеркәсіп салаларына тарту орынды деп есептейді. Бұл шығысқазақстандықтар үшін облыс кәсіпорындарының жұмыс істеп тұрғандығы маңызды екендігін білдіреді, ал инвестор ретінде кім болатындығы – мемлекет пе, әлде шетелдік компаниялар ма – сонша маңызды емес.
9. Әлеуметтік-демографиялық блокты талдау кезінде облыс бойынша жалпы алғанда азаматтардың қалыпты тұрмыс деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік беретін табысқа ие болмай отырғандығы туралы қорытынды шығаруға болады. Шығысқазақстандықтардың 41,1% үшін бұл табыстың айлық отбасылық мөлшері 130 000-нан артық болуы керек. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі (53,9%) өз табыстарын «орташа» деп бағалайды. Бұл ақшамен көрсеткенде бір айдағы отбасының 30 000 - 70 000 тг. аралығындағы табысы.
10. Шығыс Қазақстан облысы статистика департаментінің берген мәліметтеріне сәйкес, 2010 жылғы қаңтар айындағы тұтыну бағасының индексі 2009 жылғы қаңтар айындағы тұтыну бағасының индексімен салыстырғанда 106,6% құрады. 2010 жылдың 1 наурызынан бастап электр жарығының бағасы заңды тұлғалар үшін 20% өскендігін ескерсек, ақпан айымен салыстырғанда наурыз айында тұтыну бағасының индексі де анағұрлым өсуі керек.
11. Заңды тұлғалар үшін электр қуатының бағасы өсуіне байланысты (сауда орындарын жалдау ақысы мен коммуналды қызмет бағасының өсуіне байланысты) халық тұтынатын алғашқы қажеттіліктегі тауарлар мен қызмет бағасының өсетіндігі де заңды құбылыс, бұл қоғам арасындағы шиеленістің арта түсуіне түрткі болады. Инфляция деңгейі көктем айларында дәстүрлі түрде жоғары болатындығын ескерсек, барынш ашық түрдегі наразылық көңіл-күйдің туындауын 2010 жылғы сәуір-мамыр айларында күтуге болады. |